ҚЫЗ – АДАМЗАТ КӨРКІ

ҚЫЗ – АДАМЗАТ КӨРКІ
ҚЫЗ – АДАМЗАТ КӨРКІ
 
Ұлттың рухын көтеру, ұлттың салтын сақтау—мәдениеттіліктің белгісі. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, тәрбие жұмысына үлкен мән беруіміз керек. Оны қоғам талабына сай, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ұрпақ санасына жеткізе алсақ, даналық мәдениетін іске асыра аламыз. “Ұлттық тәрбие—ұлағат көзі” дей отырып, ұл-қыздарымызды саналы, ақылды, мәдениетті етіп тәрбиелеу жолында ғасырлар бойы қалыптасып, халықпен бірге жасасқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді тәрбие құралы ретінде қолдану керек. Ұрпағымызға “Өткенді еске алу—өскендіктің белгісі, асылдарын бағалау—кемелдіктің белгісі” дей отырып, бабалар сөзін, аталар мен аналар келбетін үлгі етуіміз қажет.
 
Осыған орай, Республикамызда бастау алған “Ақ отауға - ақ бата” жобасы аясында Бескөл ауылы, М. Әуезов орта мектебінің жоғары сынып оқушы қыздарымен, мектеп ұстаздары және ата-аналармен “Қыз- адамзат көркі” тақырыбында кездесу өтті.
 
Кездесуде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дүйсебаева мектеп оқушыларына қыз бала тәрбиесі, жас отбасы тәрбиесі, ата-ананың рөлі мен қызметі, қоғамдағы тіл мәртебесі, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайту, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие, ынтымақ, береке-бірлік жөнінде рухани ой өрбітіп, өз білгендерімен бөлісті.
 
Аудандық аналар кеңесінің жобасы аясында аудандық орталық кітапхана ұжымының «Даналық мектебі» атты кітап көрмесі оқушылар назарына ұсынылды. Көрме «Атаның өсиеті», «Әженің даналығы», «Әке қамқорлығы», «Ана мейірімі» тақырыбында төрт бөлім бойынша қамтылды. Аудандық орталық кітапханасының директоры Жанна Омарова сөз алып, кітап оқудың маңыздылығына тоқталып өтті.
 
Рухани қазынасы мен тәлім-тәрбиесі мол шарада мектеп оқушылары мен ата-аналар белсене ат салысып, өз ойларын ортаға салды.