С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Мектеп-студент-магистр-доктор-ғылыми қызметкер» тізбегі бойынша кадрлерді даярлау жүйесі сәтті жұмыс істейді. Оқу орнында 19 оқушы ғылыми зерттеулер мен авторлық жобаларын жүзеге асырумен айналысуда.
- С.Аманжолов атындағы ШҚУ тек студенттерді оқытып қана қоймай, дарынды жастарды ғылыми ортаға тартып, өңірдегі ғылымның дамуына үлес қосады. Балалар мектеп табалдырығынан бастап ғылыми мансабын жасауға негіз болатын практикалық білім базасын қалыптастырады. Ал бұл нарықтағы басқа қызметкерлермен салыстырғанда үлкен артықшылық, - деді ШҚУ-дың ғылыми қызметкері Валентина Николаева.
Оқушылар барлық зерттеулерді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған зертханасында жүргізеді. Мәселен, 11-сынып оқушысы Әмір Хамитов суды тиімді тазартуға қажетті полианилин мен биополимер негізіндегі мембрананы алады. Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары Қанатбек Ахметхан мен Мирас Жомартов биополимер негізіндегі қорғаныс биожабын жасауда. Ол оптикалық құрылғылардың бетін механикалық кернеуден қорғауға арналған.
Дарынды балаларға арналған Валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің 2-сынып оқушысы Адият Ержанов бақыланатын фотопериодизмі бар өсімдіктердің өсу биостимуляторын сынақтан өткізуде.
- Адияттың анасы ретінде университет басшылығына осындай ұзақ мерзімді перспективаларға көңіл бөлгені үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бірінші сыныптан бастап ғалым болу мүмкіндігі баланың сыни ойлауын, дербестігін, білімге құштарлығын, логикасын, жауапкершілігін дамытады. Білім берудегі бұл тәсіл де кәсіптік бағдар беруге жатады. Мен ұлымның жарқын болашағына сенімдімін, - деді Альмира Жайсанбаева.
Оныншы сынып оқушысы Камилла Саскенова биотехнологиялық әдістерді қолдана отырып, in vitro картопқа кәріптас қышқылы қосылған тыңайтқыш негізінде қоректік ортаны сынаумен белсенді айналысады. Ал Опытное Поле орта мектебінің оқушылары Полина Кравченко мен Рената Кашегулова республикалық ғылыми байқау аясында «Шығыс Қазақстанда биотехнологияны қолдана отырып түйнек дақылдарының өнімділігін арттыру үшін өсу стимуляторларымен бірге биофунгицидтерді жасау және қолдану» тақырыбында жоба қорғады.
-Түйнек дақылдарының тамырын қалыптастыруға арналған фунгицидті ынталандыратын қасиеттері бар біздің тыңайтқышымыз экологиялық мәселелерді шешуде шешуші қадам бола алады, өйткені қауіпсіз тыңайтқыштарды пайдалану өнімділікті арттыруға және өсімдіктерді қорғауға көмектеседі, - деп түсіндірді Полина.
Бірегей білім жүйесінің жемісті табысының дәлелі – Нариман Қайырбеков. Ол университет студенті бола жүріп полиэтиленді алмастыратын материал жасап шығарды. ШҚУ қабырғасында оқушы кезінен жүрген ол осы уақытқа дейін сүйікті зертханасында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол – кіші ғылыми қызметкер және өңірлік университеттің магистрі.