Меншік құқығына кепілдік: Бас Прокурордың бастамасы Конституциялық Соттың іс жүргізуінде

Меншік құқығына кепілдік:  Бас Прокурордың бастамасы  Конституциялық Соттың іс жүргізуінде

Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылғы конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтты және Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығымен оның өкілеттіктерін кеңейту арқылы Бас Прокурордың конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудегі рөлін күшейтті.

Осы құқықты пайдалана отырып, Бас Прокурор аталған органға Конституцияның жеке меншікке қол сұғылмаушылыққа қатысты 25 және 26-баптарына ресми түсіндірме беру туралы жүгінді.

Қадағалау ведомствосының басшысы өтініште атқарушылық құжаттардың жекелеген түрлері сот актісінсіз (атқарушылық жазбалар, салық бұйрықтары және айыппұл салу туралы мемлекеттік органдардың қаулылары) қабылданатынын, ал оларды мәжбүрлеп орындау жалпы тәртіппен, оның ішінде прокурордың санкциясымен борышкерлердің мүлкінен (тұрғын үйді қоса алғанда) өндіріп алу жолымен жүзеге асырылатынын атап өтті, бұл Конституцияның 25 және 26-баптарына қайшы келеді (сот шешімінсіз мүлік пен тұрғын үйден айыруға жол берілмейді).

2024 жылғы 19 сәуірде аталған өтінішті қарау нәтижелері бойынша Конституциялық Сот қаулы шығарып, атқарушылық іс жүргізуде азаматтарды олардың келісімінсіз тұрғын үйден айыруға байланысты шешімдерді сот міндетті түрде қабылдауы тиіс екенін растады. Азаматтарды тұрғын үйден айыру туралы мәселені шешу кезінде соттың көрсетілген конституциялық өкілеттігін өзге органдар мен лауазымды адамдарға беруге жол берілмейді.

Сот сонымен қатар меншік иесін жалғыз тұрғын үйден айыру кезінде шектеулерді заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттілігін атап өтті.

Жалпы, Бас Прокурордың өтініші мен Конституциялық Соттың қаулысы Қазақстанның құқықтық жүйесінің серпінді дамуын көрсетеді және мемлекеттің құқықтық қорғаудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге ұмтылысын куәландырады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі