Қазақстанға ресми сапармен Қытайдың қорғаныс министрі келді

Қазақстанға ресми сапармен Қытайдың қорғаныс министрі келді

Астанаға Қытай Халық Республикасының қорғаныс министрі адмирал Дун Цзюннің басшылығымен келген әскери делегация Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде болды.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әріптесін ҚХР Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. 

– Сіздің бұл лауазымдағы алғашқы сапарыңыз Қазақстаннан басталуының өзіндік мәні бар. Бұл екі ел арасындағы үлкен сенім мен достық қарым-қатынастың белгісі. Осы оқиға қорғаныс ведомстволары арасындағы ғана емес, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтатынына сенімдімін, – деп атап өтті ол. 

Қазақстанның Қорғаныс министрі ведомстволардың бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге мүмкіндіктері, сол сияқты кадрларды оқыту, мәдениет және спорт саласындағы байланыстарды кеңейту тұрғысынан әлеуеті бар екенін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай қорғаныс ведомстволарының басшылары генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен адмирал Дун Цзюнь екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйін және оларды дамыту көкжиегін талқылады. 

Адмирал Дун Цзюнь сұхбаттасушыға ризашылығын білдіріп, қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және дамыту ниетін қолдады.  

– Қорғаныс министрлері ретінде екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда бізге жүктелген үлкен миссия бар. Менің сапарым ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кеңесі аясында өтеді. ШЫҰ аясындағы өзара қарым-қатынасты нығайту – басым міндеттердің бірі, – деді адмирал Дун Цзюнь. 

Ол Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету аясындағы Қазақстанның елеулі жұмысын атап өтті. 

Кездесу соңында қорғаныс ведомстволары Қазақстан мен Қытай арасындағы 2024 жылға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды. 

Қытай қорғаныс ведомствосының басшысы адмирал Дун Цзюнь ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрметті қонақтары кітабына қолтаңба қалдырды.