
Қандай да бiр кәсiпорынның қызметiндегi жетiстiктiң негiзi - қызметкерлердiң қауiпсiздiк техникасын, өндiрiс түрiн ескере отырып, нормалар мен ережелердi қатаң сақтаған жағдайда қауiпсiз еңбек жағдайларын жасау болып табылады, нормалар мен ережелердi бұзу жазатайым оқиғаларға, адамның еңбек ету қабiлетiнен айырылуына әкеп соғуы мүмкiн.

Өндiрiстегi жазатайым оқиғалар, оның iшiнде улану адам ағзасына уытты заттардың (химиялық заттардың, улардың), сондай-ақ өндiрiс жағдайларында қолайсыз физикалық факторлардың әсер етуi кезiнде туындауы мүмкiн.

Орын алатын жазатайым оқиғалардың себептері көп, бiрақ бiрiншi кезекте еңбектi қорғау, санитарлық ережелер талаптарының бұзылуынан орын алып жатады. Оқыс оқиғаның негізгі себепшісі адам, себебі бұндай жағдай оның тиісті орындалмаған әрекетінен орын алады. Жазатайым оқиғаның таза техникалық себептері жоқ, өйткені олар дұрыс жасалмаған әрекеттер мен олардың салдары арасындағы аралық кезең болып табылады.

Еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi барлық ұйымдастырушылық-техникалық iс-шаралардың негiзi өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың ықтимал қатерi мен қауiптiлiгiн талдау, оның iшiнде тәуекел факторларын анықтау мақсатында өндiрiстiк бақылауды ұйымдастыру: жұмыс орындарында жою жөнiндегi шараларды әзiрлей отыра, ластаушы заттар мөлшерінің, шу, дiрiл деңгейлерінің артуы, желдету жүйесiнiң тиiмсiз жұмысы болып табылады.

Жіті және созылмалы болатын өндірістік улануға тоқталайық. Жіті улану - кенеттен, мәселен, жұмыс аймағының ауасындағы зиянды заттардың жоғары концентрациясының бір жұмыс ауысымы (күні) ішінде, сондай-ақ басқа да қолайсыз факторлардың деңгейлері мен дозаларының әсерінен пайда болады.

Маусымдық дәрілеу жұмыстары жақындап келеді, бұл ретте пестицидтерді сақтау, қолдану жөніндегі бірқатар ережелерді сақтау өте маңызды. Ең алдымен шаруашылық басшылары барлық жұмысшыларды арнайы киіммен, аяқ киіммен, қолғаптармен, респираторлармен, қорғаныс көзілдіріктерімен қамтамасыз етуі тиіс. Машиналарға қызмет көрсететiн жұмысшылар (механизаторлар және басқалар) улы химикаттармен жұмыс iстеу кезiндегi ережелер мен сақтық шаралары туралы нұсқамалықтан өтуі тиiс. Улы химикаттармен жүргізілетін барлық жұмыстарға медициналық тексеруден өткен және осы жұмыстарға рұқсаты бар жасы 18-ден кем емес адамдар жіберіледі. Улармен жұмыс істеу кезінде темекі шегуге, тамақ ішуге тыйым салынады. Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмысшылар қолдарын сабынмен мұқият жуу керек, ал шаңды улармен жұмыс істегеннен кейін, құлақтарын, мойындарын да жуып, ауыздарын шаю керек. Күндізгі жұмыстарды орындау кезінде пайдаланылмаған улы заттардың қалдықтарын қоймаға тапсыру қажет. Жұмыс орнында алғашқы көмек көрсету мақсатында улы химикаттармен уланған жағдайда қажетті көмек көрсету құралдарының жиынтығы бар дәрі қобдишасы болуы тиіс. Улы химикаттармен бірге адамдарды, сондай-ақ тамақ және жемдік өнімдерді тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Улы химикаттарды тасымалдағаннан кейін машиналар мұқият тазартылуы және залалсыздандырылуы тиіс. Өндірістік улану жағдайларының алдын алуда уытты заттармен жанасатын жұмысқа түсетін адамдарды міндетті алдын ала медициналық тексеріп-қарау және жұмысшылардың денсаулығы жағынан бұзушылықтарды анықтау мақсатында осы адамдарды кейіннен мерзімді медициналық тексеріп-қарау үлкен рөл атқарады.

Құдықтарда жұмыс істеген кезде қайғылы оқиғалар жиі орын алып жатады. Оның негізгі себебі жертөлелерде, кәріз құдықтары мен жертөлелерде пайда болатын және жиналатын газдардан улану болып табылады. Құдықтардың көбінде жарылыс қаупі бар және улы газдар (метан, көміртек тотығы, күкіртті газ, аммиак, күкіртті сутек, көмірқышқыл газы немесе түрлі газдардың комбинациялары) бар және бұл мұндай құдықтарға түскен жұмысшылардың өміріне қауіп төндіреді. Газдардың қоспасы тұншығуға әкеледі, екі-үш дем алудан адам есінен танады. Бұдан бөлек, жиналған газдардың қоспасында жарылу қаупі бар.

Сондықтан құдықтардағы жұмыстарды тек қана инженер-техник қызметкердің басшылығымен орындау керек. Құдықта жұмыс істеуге тағайындалған бригада кемінде үш адамнан тұруы тиіс: біреуі құдықта жұмыс істеу үшін, екіншісі - жер бетінде жұмыс істеу үшін, үшіншісі - арнайы бақылау үшін және қажет болған жағдайда құдықта жұмыс істеушіге көмек көрсету үшін. Бригада қызметкерлері құдықтарда жұмыс істеу үшін қажетті құрал-жабдықпен жабдықталуы тиіс:
- 200 кг жүктеме түскен кезде үзілу қаупіне қатысты тексерілген, сыналған және тексерілген ұзындығы құдықтың тереңдігінен 3 м асатын жібі бар сақтандыру белдігімен;
- ұзындығы құдықтың тереңдігінен 2 м асатын құбыршегі бар оқшаулағыш газқағармен (оқшаулағыш газқағардың орнына сүзгіш газқағарды қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынады, өйткені ол көміртек тотығымен уланудан қорғамайды);
- газталдағыштармен;
- кернеуі 12В аспайтын аккумуляторлық шаммен (аккумуляторлық шам орнына ашық отты жарық көзін қолдануға тыйым салынады);
- желдеткішпен, шамдармен;
- қоршау (ескерту және тыйым салу) белгілерімен.

Құдықтан газды шығару үшін қажетті мөлшерде табиғи желдетуді қолдану керек. Кәріз құдықтарын желдету кезінде өздігінен ағатын кәріз желісінде көршілес жоғары және төмен тұрған қарау құдықтарының қақпақтары ашылады, бұл ретте жұмыс құдығының қақпағы жабық қалады.

Созылмалы кәсіптік улану ағзаға қолайсыз факторлардың ұзақ жүйелі әсер етуі салдарынан дамиды. Оның ерекшелігі симптоматиканың біртіндеп өсуі, ағзаның жалпы жай-күйінің нашарлауы болып табылады.

Қауiпсiздiк техникасы мен қолайлы еңбек жағдайларын мүлтiксiз сақтай отырып, өндiрiсте жұмыс iстейтiн адамның тыныс алу аймағынан жүйелi түрде зиянды заттарды жою арқылы жіті де, созылмалы да уланудың алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.

Уақтылы алдын ала жөндеу, жабдықтар мен коммуникацияларды тазалау, ұжымдық қорғау шараларын пайдалану, зиянды заттарды тікелей олардың бөліну көзінен және олардың үй-жайда таралуына жол бермейтін желдету жүйесінің тиімді жұмысы үлкен маңызға ие. Кәсiби сауаттылық та, кәсiпорын басшысының ғана емес, қызметкерлердiң де жауапкершiлiгі маңызды рөл атқарады.

Жұмыс ережелерін және өндірістегі еңбек қауіпсіздігі техникасын қатаң сақтауға кеңес береміз.