Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу өтті

Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу өтті

Астанада Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «Әлия – соғыс құрбаны» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға қала зейнеткерлері мен Ж.Жабайұлы атындағы мектептің оқушылары қатысты.

Аталған кештің қонағы – Астана қаласында тұратын соғыс ардагері Абидолла Әшімов пен тыл еңбеккері Григорий Шишов болды.

Соғыс және тыл ардагерлерімен өткен кездесу кешінде Астана қаласының қадірлі зейнеткері, ардагерлер кеңесінің мүшесі Қаршыға Кішкентаев «Дорогами победы» атты кітабын Орталықтың кітапханасына сыйға тартты.

Кездесуге келген мектеп оқушылары майдангер ағаларымыздың естелік әңгімелерін тыңдап, олардың ерлік істерін үлгі тұтатынын айтты.

«Бүгінгі кештің балалар үшін тәрбиелік мәні зор болды. Оқушылардың бойына отансүйгіштік сезімдерін ұялату үшін зейнеткерлер тарапынан осы кездесу кешін ұйымдастырып отырмыз. Ұстаздары Динара Қалдыбайқызы бастап келген мектеп ұжымына алғыс білдіреміз», – деп сөзін түйіндеді Орталықтың мәдени ұйымдастырушы Бақыт Байманова.

Мектептің бастауыш сынып оқушысы Әмина Сержанқызы М. Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп оқып берсе, өнерлі оқушылардың бірі Нұрали Асқарұлы «Алаш аманаты» күйін орындады.